Алматыда LEZ (төмен эмиссиялы аймақ) пилоттық жобасы аясында 1 қыркүйек пен 24 қараша аралығында 18 мыңнан астам автокөлік техникалық тексеруден өтті. Олардың 3 мыңнан астамынан зиянды шығарындылардың белгіленген нормадан жоғары екені анықталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Тексеру барысында көліктердің басым бөлігінде пайдаланылған газ құрамындағы көміртек тотығының рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені тіркелді. Сонымен қатар көмірсутектер мен түтін шығару көрсеткіштері бойынша да нормативтік талаптардың бұзылғаны анықталды.
Ақауы бар автокөліктердің 2 305-і қайта тексеруден өтті. Нәтижесінде олардың 1 475-і немесе 64 пайызы анықталған кемшіліктерді жойып, белгіленген экологиялық талаптарға сай болды.
Айта кетейік, Алматыда LEZ пилоттық жобасы 2026 жылғы 28 сәуірде іске қосылған. Жоба жыл соңына дейін жалғасады.
Қазіргі кезеңде төмен эмиссиялы аймаққа кіруге ешқандай шектеу қойылмаған. Сондай-ақ жүргізушілерге айыппұл салу немесе жол жүру ақысын алу қарастырылмаған.
Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жоба нәтижелері сараланып, оны одан әрі жүзеге асыру тәсілдері айқындалады.