2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Алматының шығарындылары төмен аймағына кіретін газдандырылған аудандарда жеке үйлерді көмір, отын және сұйық отынмен жылытуға шектеу енгізіледі. Қалада газға қосылмаған 3 889 тұрғын үй анықталған, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Жаңа талаптар 2025 жылы қабылданған Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының 52-тармағында қарастырылған. Оған сәйкес, газдандырылған және шығарындылар деңгейі төмен аймақтарда өндірістік қажеттіліктер үшін қатты және сұйық отын пайдалануға болмайды.
Шектеу жеке тұрғын үйлердің жылыту қазандықтарына, моншаларға және көпқабатты үйлерді жылытатын жекелеген қазандықтарға да қатысты. Тек төтенше жағдайларда резервтік жылу және энергия көздерін пайдалануға рұқсат беріледі.
Тыйым қай аумақтарға қатысты?
Әзірге пилоттық төмен шығарындылар аймағы мына көшелердің арасындағы аумақты қамтиды:
Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке қарай;
Абай даңғылынан солтүстікке қарай;
Желтоқсан көшесінен шығысқа қарай;
Достық даңғылынан батысқа қарай.
Алдағы уақытта бұл аумақты кеңейту жоспарланып отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2027 жылы төмен шығарындылар аймағын толық іске қосу көзделген.
Алматыда газға қосылмаған қанша үй бар?
Қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, Алматыдағы жеке тұрғын үйлердің 99,6 пайызы газбен қамтылған. Алайда аудан әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, газға қосылмаған 3 889 тұрғын үй бар.
Жеке секторды экологиялық таза отынға көшіру жұмыстарын жеделдету үшін қала билігі демеушілерді де тартқан. Қайырымдылық қорларының бірі газға қосылмаған үйлерді көгілдір отынға қосу үшін 460 миллион теңге бөледі.
Көмір жаққандарға қандай айыппұл салынады?
Белгіленген экологиялық талаптарды бұзған тұрғындар Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.
2027 жылы қолданылатын айыппұл мөлшері:
Жеке тұлғаларға – ескерту немесе 10 АЕК (46 930 теңге);
Шағын бизнес субъектілері мен лауазымды тұлғаларға – 15 АЕК (70 395 теңге);
Орта бизнес субъектілеріне – 20 АЕК (93 860 теңге);
Ірі бизнес субъектілеріне – 100 АЕК (469 300 теңге).
Осылайша, жаңа талаптар Алматыдағы газдандырылған және төмен шығарындылар аймағына кіретін аумақтарда ауа сапасын жақсартуға бағытталған. Ал газға қосылмаған тұрғын үйлерді баламалы жылыту жүйесіне көшіру мәселесі өзекті болып отыр.