Қазақстан Австрияда өтіп жатқан Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясының XXVII конференциясына қатысуда. Іс-шара аясында Алматы қаласында 2027 жылы екі әлем чемпионатын өткізу мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
20–23 қараша аралығында Австрияның Нойзидль-ам-Зе қаласында өтіп жатқан конференцияға 20 елдің өкілдері жиналды. Қазақстан атынан Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов пен Қазақстан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясының атқарушы директоры Дәурен Данаев қатысуда.
Қазақстандық делегация Алматы қаласының халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге дайындық мүмкіндіктерін таныстырды.
2027 жылы Алматыда:
Жасөспірімдер мен жасөспірім ұлдар арасындағы XVI әлем чемпионаты;
Қыздар мен жасөспірім қыздар арасындағы XII әлем чемпионаты өтеді.
Сонымен қатар конференция барысында Қазақстан делегациясының өкілдеріне Халықаралық спорт федерациясының 25 жылдығына арналған естелік медальдар табысталды.
Айта кетейік, аталған жарыстарды Қазақстанда өткізу өрт-құтқару спортының дамуына және халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына мүмкіндік береді.