Алматыда үш тұрғын шетел азаматтарының банк шоттарын пайдаланып, заңсыз криптовалюта операциялары мен онлайн-казинолардың қаржылық айналымына қызмет көрсеткен, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Дропперлік шоттар арқылы өткен қаражат көлемі 3,6 млрд теңгеден асқан.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер негізінен Қырғызстаннан келген жастарды, оның ішінде студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған адамдарды тартқан. Олардың Қазақстанға келу жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, телефон және SIM-карта берген.
Ал шетел азаматтары ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын ұсынған. Кейін бұл шоттар лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланылған.
Бұдан бөлек, күдіктілер «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен. Олар ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды аударған және заңсыз ойын бизнесінен түскен табысты криптовалютаға айырбастап отырған. Бұл қызметі үшін түскен қаражаттың 4 пайызын алып отырған.
Қазір екі күдікті үйқамаққа алынды. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.