Алматы қаласында 37 жастағы ер адам көпқабатты тұрғын үйдің 11-қабатынан құлап, көз жұмды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қайғылы оқиға Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шегушіні алғаш болып тұрғын үй кешенінің күзетшісі байқап, дереу жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырған. Сонымен қатар ол дәрігерлер келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.
Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері ер адамды ауыр жағдайда ауруханаға жеткізді. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, қажетті сараптамалар тағайындалған.
Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты барлық нұсқаларды қарастырып жатыр.