Алматы қаласында жаңа қоғамдық көлік жүйесі – SkyTrain монорельсін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Жоба бойынша екі желі салынып, олар Райымбек даңғылы, Саин көшесі және Әл-Фараби даңғылы бағыттарын қамтиды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жаңа көлік жобасына байланысты Райымбек даңғылындағы BRT жүйесінің кейбір элементтері қайта қаралады. Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Өтеген батыр көшесінен Емцов көшесіне дейінгі аралықта орналасқан BRT нысандары бөлшектелуі мүмкін. Мұндай шешім қаржыны тиімді пайдалану және SkyTrain жобасын жүзеге асыру жоспарымен байланысты.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, SkyTrain арнайы эстакадалар арқылы жол үстімен қозғалып, басқа қоғамдық көлік түрлерімен ыңғайлы байланыс орнатады. Бұл қала тұрғындарының жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Райымбек даңғылындағы автобусқа арналған арнайы жолақтар сақталады. Қазіргі уақытта оларды жолдың шеткі бөліктеріне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Жоспар бойынша SkyTrain жүйесінің жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі желісі салынады. Бірінші бағыттың ұзындығы 29 шақырым болып, 16 станцияны қамтиды. Ол «Барлық» көлік-ауыстыру торабынан басталып, Райымбек даңғылы, Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма автожолы арқылы «Шығыс қақпасы» торабына дейін жалғасады.
Екінші желі Райымбек даңғылы бойымен Саин көшесінен «Шығыс қақпасы» торабына дейін салынады. Оның ұзындығы 13 шақырым болып, төрт станция қарастырылған.
SkyTrain пойыздарының орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырым болады деп жоспарлануда. Ал жүйенің депосы Алматы облысы Қарасай ауданындағы Абай ауылында орналасуы мүмкін.
Қазіргі таңда жоба бастапқы кезеңде тұр. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Құжат аяқталғаннан кейін маршруттар, құрылыс құны, қаржыландыру көздері және іске асыру мерзімі анықталады.
Алматы әкімдігі қаладағы көлік жүктемесінің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Қазір мегаполис көшелерінде күн сайын 1,1 миллионнан астам көлік қозғалады. Осыған байланысты билік қоғамдық көлік жүйесін дамытуға басымдық беріп отыр.
Айта кетейік, SkyTrain жүйесі Канаданың Ванкувер қаласында және Таиландтың Бангкок қаласында қолданыста бар. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Алматы облысының әкімдеріне осы көлік жүйесін дамыту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын.