Алматы қаласында 6 маусымнан бастап қоғамдық көлік желісіне екі жаңа автобус бағыты қосылады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жаңа №134 маршрут «Алматы-1» теміржол вокзалын «Автостанция» соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың жалпы ұзындығы 39,7 шақырымды құрайды. Бұл маршрут қаланың бір бөлігін негізгі көлік тораптарымен қамтуға мүмкіндік береді.
Ал №140 бағыт «Райымбек батыр» метро станциясынан басталып, Горный Гигант ықшамауданына дейін қатынайды. Маршруттың ұзындығы — 18,4 шақырым.
Екі бағытта да 23 заманауи Yutong электробусы қызмет көрсетеді. Олар бір рейсте 90 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Көліктер күн сайын таңертеңгі ерте уақыттан бастап 23:00-ге дейін тұрақты режимде жүреді.