Робототехника саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі саналатын UBTECH Robotics Алматыда өзінің алғашқы шетелдік өндіріс орнын ашады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шанхайда өткен бизнес-форум аясында Алматы әкімдігі, Nero Robotics компаниясы және UBTECH Robotics негізін қалаушы Чжоу Цзянь гуманоидты әрі білім беру бағытындағы роботтарды шығаратын зауыт салу жөніндегі келісімге қол қойды.
Әкімдіктің мәліметінше, Алматы – UBTECH Robotics өз өндірістік кешенін іске қосатын алғашқы шетелдік қала. Қазіргі уақытта зауыттың құрылысы басталған. Өндірісті 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
Жоба аясында роботтар өндірісімен қатар инженерлік және ғылыми-зерттеу орталығы құрылады. Сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу, робототехника саласындағы отандық мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жаңа бағдарламалар бойынша келісімдерге қол қойған болатын.