Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыда ауруханаға түскен 48 оқушы мектеп-интернатта тұрған

Малика Хамит 14 қаралым
Алматыда ауруханаға түскен 48 оқушы мектеп-интернатта тұрған

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жаппай ауруханаға түсуіне байланысты жүргізілген тексеру кезінде ас блогынан санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Қазір науқастардың жағдайы тұрақты, ал инфекцияның нақты себебін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, 14 қазандағы жағдай бойынша жіті ішек инфекциясын жұқтырған 48 оқушы тіркелген. Олардың 36-сы – 14 жасқа толмаған балалар. Барлығы ауруханаға жатқызылғанымен, ешқайсысы реанимациялық көмекке мұқтаж емес.

Асханадан қандай заңбұзушылықтар табылды?

Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастардың барлығы мектеп-интернатта тұратыны белгілі болды. Инфекцияның таралу себептерін анықтау үшін 225 адам медициналық бақылауға алынып, тағы алты бала интернат ішінде оқшауланды.

Тексеру кезінде мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға жауапты «Master Food» ЖШС-нің ас блогында бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау, дайын тағамның тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары бұзылған.

Мамандар су мен тағам өнімдерінен сынамалар алып, ас блогының қызметкерлерін де тексерді. Алайда инфекцияның нақты қоздырғышы әзірге анықталған жоқ.

Мектеп пен асханаға қатысты шаралар қабылданды

Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты бес қаулы шығарылған. Оның аясында мектеп пен асхананың қызметін тоқтату, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салу және уақытша санитариялық шектеулер енгізу шаралары қарастырылған. Қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдері де айналымнан алынған.

Бұдан бөлек, интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілді. Тексеру материалдары тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.

Айта кетейік, оқушылардың жаппай улануына байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp