Алматы қаласының Бостандық ауданындағы "Орбита" шағын ауданында жол-көлік оқиғасы орын алды. Оқиға бүгін шамамен сағат 12:20-де Мұстафин көшесінде болған, дейді Qandastar.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оңтүстік бағытта келе жатқан жеке тасымалдаушыға тиесілі автобустың жүргізушісі көшені шығыс бағытта кесіп өтіп бара жатқан 1996 жылы туған қызды қағып кеткен. Өкінішке қарай, жаяу жүргінші алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар таралып, бұл жағдай кеңінен талқылануда.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.