Алматыда 61 жастағы ер адамның өліміне байланысты төрт адам ұсталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Тергеу болжамы бойынша, күдіктілер марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін. Бұл туралы полиция мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу барысында күдіктілердің жеке басы анықталып, олардың қылмысқа қатысы болуы мүмкін екені белгілі болған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде белгісіз адамдардың ер адамды басына пакет кигізіп, алып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Қазір полиция осы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Қылмыстық істі тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылған. Төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысы ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Қазіргі уақытта қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.