Алматыда электросамокат жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін жиі бұзуы жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушілердің жолдың рұқсат етілмеген бөлігінен өтуі, самокатпен жолаушы тасымалдауы және жаяу жүргіншілер аймағында жоғары жылдамдықпен жүруі күн сайын полиция қызметкерлері мен бейнебақылау камералары арқылы тіркеледі.
Ведомство мұндай заң бұзушылықтар электросамокат жүргізушілерінің өзіне де, өзге жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіретінін атап өтті.
Сондай-ақ полиция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалануға қатысты қосымша талаптар күшіне енетінін еске салды.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары заң талаптарының сақталуын бақылауды күшейтпек. Қаладағы адам көп жүретін аумақтарда профилактикалық рейдтер мен патрульдеу жалғасады. Ал әрбір құқық бұзу дерегіне заң аясында тиісті құқықтық баға берілетін болады.