Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыда электросамокатқа талап күшейді: полиция ескертті

Малика Хамит · · 26 қаралым
Алматыда электросамокатқа талап күшейді: полиция ескертті

Алматыда электросамокаттарға қатысты жаңа талаптар күшіне енді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

25 тамыздан бастап Алматыда электросамокат пайдаланушыларға қойылатын талаптар күшейтілді. Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа ережелерді сақтауға шақырды.

Енді электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге болмайды. Ал жолдың жүру бөлігіне тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын киген адамдар ғана шыға алады.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, қараңғы уақытта самокатта жарық шағылыстыратын элементтер болуы қажет. Сондай-ақ самокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға рұқсат жоқ.

Жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде жүргізуші самокаттан түсіп, оны жетектеп өтуі тиіс.

Прокат қызметін көрсететін компанияларға да бірқатар міндет жүктелді. Олардың самокаттары мемлекеттік тіркеу нөмірімен және міндетті сақтандырумен қамтамасыз етілуі керек.

Сонымен қатар кикшеринг операторлары көліктердің техникалық жағдайын, жылдамдығын және орналасқан жерін бақылауға міндетті.

Полиция жаңа талаптардың басты мақсаты — жолдағы қауіпсіздікті арттырып, самокатшылар мен жаяу жүргіншілер арасындағы қауіп-қатерді азайту екенін атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp