Алматыда полиция қызметкерлері Райымбек даңғылы бойында күдік тудырған ер адамды тоқтатып, тексеру жүргізді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Тексеру барысында оның сөмкесінен пышақ пен гранатаға ұқсас зат табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен сапер мамандар шақырылып, затқа арнайы тексеру жүргізілді.
Полицияның мәліметінше, тәркіленген бұйымның оқу-жаттығу гранатасы екені анықталып, оның айналадағыларға қауіп төндірмейтіні белгілі болған.
Ұсталған азамат гранатаға ұқсас затты бұрын тауып алғанын, ал пышақты тұрмыстық мақсатта алып жүргенін айтқан. Қазіргі уақытта оның бұл түсініктемесінің растығы тексеріліп жатыр.
Сондай-ақ ер адамның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған. Полиция азаматтарды күмәнді заттарды өзімен бірге алып жүрмеуге және қару-жараққа ұқсас бұйымдарды тапқан жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.