Алматыда қоғамдық көліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін тексеру барысында газбен жүретін автобустардың зиянды шығарындылар бойынша нормаларды дизельді автобустарға қарағанда жиірек бұзатыны анықталды. Бұл туралы «Время» басылымына сілтеме жасап Qandastar.kz хабарлады.
«Eco Almaty» ЖШС мамандары 2026 жылдың 3 қаңтары мен 30 маусымы аралығында 1400-ден астам қоғамдық автобусты тексерген. Мониторинг атмосфералық ауаны қорғау және көліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігін бақылау мақсатында жүргізілген.
Тексеру нәтижесінде дизель отынымен жүретін 150 автобуста және газбен жүретін 446 автобуста зиянды шығарындылардың рұқсат етілген мөлшерден асқаны анықталған.
Қоғам белсендісі Вячеслав Павленко жарияланған мәліметтерге сүйене отырып, экологиялық талаптарды бұзған газбен жүретін автобустар саны дизельді көліктерге қарағанда шамамен үш есе көп екенін атап өтті.
Оның пікірінше, газбен жүретін автобустар қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту мақсатында сатып алынғанымен, тексеру қорытындылары күткен нәтижені көрсетпеген. Сондықтан ол мұндай көліктерді газға көшірудің тиімділігіне қатысты сұрақ туындайтынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі қаладағы көлік инфрақұрылымын дамыту жобаларын таныстырған болатын. Кейін әкімдік әлеуметтік желіде қызу талқыланған Төле би көшесіне эстакада салу жоспары қазіргі уақытта қарастырылмайтынын, әзірге жеңіл рельсті көлік желісінің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді.