28 тамыз күні Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Розыбакиев көшесінде орналасқан кафелердің бірінде өрт шықты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі өзінің ресми Telegram-арнасында хабарлады, дейді Qandastar.kz.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жедел жеткен. Құтқарушылар келген кезде екі қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бір қабатты кафе ғимаратының ас үй бөлігіндегі төбе жабындысы мен сөрелердің жанып жатқаны анықталған.
Өртті сөндіру жұмыстарына газ-түтіннен қорғау қызметінің бірнеше тобы тартылды. Қауіпсіздік мақсатында екі қабатты тұрғын үйден 15 тұрғын эвакуацияланды.
Өрт толықтай ауыздықталды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебін анықтау жұмыстары жүргізілуде.