Алматыда бүгін, 29 қарашада, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қала бойынша 670 сайлау учаскесі ашылып, дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Таңертеңнен бастап қала тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруде. Олардың арасында отбасымен бірге келген азаматтар да бар.
Алғашқы болып дауыс берген тұрғындарға шағын сыйлықтар дайындалған. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде интерактивті алаңдар мен тақырыптық фотоаймақтар ұйымдастырылған.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қалада 170 инватакси көлігі мен 80 сурдоаудармашы жұмылдырылған.
Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік беретін бір күндік тіркеу қызметі 41 сайлау учаскесінде жұмыс істеп тұр.
Бұдан бөлек, сайлау учаскелерінде электрондық үкімет порталы арқылы тіркелген мекенжай туралы мәліметті онлайн тексеруге болады. Сайлаушылар тізіміне енбей қалған тұрғындар тіркеу деректерін нақтылап, тиісті тізімге енгізіле алады.
Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.