Алматы қаласында Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі ұзартылған бөлігінде көлік қозғалысы техникалық режимде іске қосылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын жол учаскесінің құрылысы 2018 жылы басталған. Жоба аясындағы жұмыстар жер телімдерін босату және сатып алу үдерісіне байланысты кезең-кезеңімен жүргізілді. Қала әкімдігінің мәліметінше, соңғы жер телімі 2025 жылдың қазан айында босатылған.
Бастапқыда жаңа жол бөлігін мамыр айының ортасында ашу жоспарланған болатын. Алайда қолайсыз ауа райы салдарынан электр беру желілерін көшіру жұмыстары кешеуілдеп, қозғалысты іске қосу мерзімі кейінге шегерілген.
Қазіргі уақытта жолдың төменгі асфальтбетон қабаты төселіп, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта асфальттың жоғарғы қабаты төселіп, қосалқы жолдар, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынады. Сонымен қатар жол маңындағы аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылыс толық аяқталғанға дейін аталған учаскеде көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 40 шақырыммен шектеледі.
Мамандардың айтуынша, жаңа жол бөлігі қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға және көлік ағынын тиімді бөлуге мүмкіндік береді.