Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі, бұрынғы шенеунік Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс қарала бастады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ол ірі көлемде ақша жымқырды, алаяқтық жасады, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды және басқа да құқық бұзушылықтарға қатысты айыпталып отыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев басқа да күдіктілермен бірге ақша жымқыру схемасын ұйымдастырған. Кейін заңсыз алынған қаражатты түрлі қаржылық операциялар арқылы заңдастыруға тырысқан деген болжам бар.
Іс материалдарында гранит тақталарын ұрлау дерегі де бар. Тергеушілердің пайымдауынша, Бокаев мүлікті ұрлауды әдейі ұйымдастырып, оқиғаны видеоға түсірткен. Кейін бұл видеоларды әлеуметтік желіде жариялап, қоғам назарын аударуды көздеген деген айып тағылып отыр.
Еске салайық, Санжар Боқаев 2026 жылдың наурыз айында ұсталған. Онымен бірге сот алдында оның жиені Мадияр Қалменов пен Ұлан Нүсіпқожа да жауап береді.
Тергеу мәліметінше, Қалменов Бокаев мемлекеттік үлесі бар компанияларда жұмыс істеген кезеңде қаражатты заңсыз шығаруға қатысқан болуы мүмкін. Ал Нүсіпқожа мүлікті ұрлауды ұйымдастыруға және оқиғаны видеоға түсіруге көмектесті деген күдікке ілінген.