Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Сәуле Жанпейісованың 60 жас мерейтойына арналған халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мерейтойлық бағдарлама 25-27 қараша аралығын қамтиды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
25 қарашада «Түркі әлемінің дәстүрлі музыкалық мұрасы: вокалдық және аспаптық ерекшеліктері мен заманауи ұлттық құндылықтарды оқытудың, зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген ғалымдар, музыкатанушылар, өнер зерттеушілері, оқытушылар мен орындаушылар қатысты.
Конференция барысында түркі халықтарының ән өнерін сақтау, күйшілік мектептердің сабақтастығын жалғастыру, музыкалық мұраны жүйелеу және ұлттық музыканы кәсіби білім беру жүйесінде оқыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Сәуле Жанпейісованың «Айнамкөз» атты әндер жинағының тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Сәуленің сәйгүліктері» атты мерейтойлық концерт ұйымдастырылды. Сахнада Қазақстан мен Қырғызстаннан келген орындаушылар, жыршылар, өнер қайраткерлері және мерейтой иесінің шәкірттері өнер көрсетті.
Концерт бағдарламасына қазақтың дәстүрлі әндері, жыр-термелер, өңірлік орындаушылық мектептердің туындылары және Сәуле Жанпейісованың «Сырдашым», «Ақ Жайық», «Сағыныш» шығармалары енді.
26 қарашада жыршылық өнер, Маңғыстаудың орындаушылық дәстүрі және түріктің бағлама аспабында ойнау бойынша шеберлік сабақтары өтуде. Оларды Қазақстан мен Түркияның өнерпаздары Елмұра Жаңаберген, Елдос Еміл және Ирфан Гөрдал жүргізіп жатыр.
Мерейтойлық бағдарлама 27 қарашада «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтетін Сәуле Жанпейісованың «Бір тойым бар!..» атты шығармашылық кешімен қорытындыланады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шаралар дәстүрлі музыканы насихаттауға, тәжірибе алмасуға және халықаралық мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.