Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыда студент қызды автобуста соққыға жыққан әйел іздестірілуде

Бақытжан Мұса · · 816 қаралым
Алматыда студент қызды автобуста соққыға жыққан әйел іздестірілуде

Алматыда қоғамдық көлікте болған жанжалдан кейін 17 жастағы студент қыз ауруханаға түсті. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, күдікті әйелді іздестіруде. Бұл туралы Qandastar.kz сайты КТК арнасына сілтеп хабарлады.

Зардап шеккен Камила Жұрабаеваның айтуынша, оқиға колледжден үйіне қайтып келе жатқан кезде автобуста болған. Автобус ішінде әйел өз қызын аялдамадан өтіп кеткені үшін қатты ұрысып жатқан. Осы жағдайға куә болған жолаушылар қызды жақтап, араша түсуге тырысқан.

Студент қыз да жағдайды сабырға шақыру мақсатында араласқанын айтады. Алайда ашуға булыққан әйел оған шабуыл жасап, бірнеше рет соққы жасаған. Камила басынан жарақат алып, кейін дәрігерлер оның миы шайқалғанын және басында гематома пайда болғанын анықтаған.

Жәбірленушінің сөзінше, жанжал автобус ішінде ғана емес, аялдамада да жалғасқан. Әйел автобустан кейін оның соңынан еріп шығып, күш қолдануын тоқтатпаған. Қызды оқиға куәгерлері арашалап қалған.

Камиланың анасы Ирина Ключникова болған жағдайды ауыр қабылдағанын айтып, күдікті әйелдің жауапқа тартылуын талап етті. Оның айтуынша, әйел қызын шашынан сүйреп, тізерлетіп қойған.

Оқиғадан кейін студенттің туыстары полицияға арыз берген. Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты бейнежазбаларды зерттеп, күдіктінің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Полиция мәліметінше, аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені дәлелденсе, күдіктіге 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін. Жәбірленуші тарап әйелді таныған азаматтарды құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp