Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанда студенттерге арналған жатақханаларда әлі де шамамен 10 мың орын жетіспейді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Үкімет басшысы елде 33 мың орын тапшы деген ақпараттың расталмағанын атап өтті. Оның сөзінше, жатақхана тапшылығы ең көп байқалатын өңір – Алматы қаласы.
Мәселені шешу мақсатында 2026 жылдың соңына дейін ел бойынша тағы 18 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде шамамен 7 мың жаңа орын ашылады.
Сонымен қатар Қазақстанда StudDom бірыңғай цифрлық жүйесі іске қосылмақ. Жаңа платформа арқылы жатақханалардағы бос орындарды көруге және онда тұратын студенттердің бірыңғай есебін жүргізуге мүмкіндік беріледі.
Жүйені 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.