Алматыдағы Алмагүл шағын ауданының тұрғыны ыстық судың лайлы болып, құрамында шөгінділердің қалқып жүргеніне наразылық білдірді. Оның айтуынша, суды жарты сағат бойы ағызғаннан кейін де мәселе шешілмеген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Тұрғын Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында судың сапасына қатысты шағымын білдіріп, Алматы қаласының әкімдігіне жүгінді. Оның сөзінше, судың бетінде жуып кетіру қиын шөгінділер пайда болып, сантехника мен эмаль жабынына зиян келтіріп жатыр.
Автор су есептегіш арқылы бірнеше тонна су өткізгеніне қарамастан, оның лай күйінде қалғанын атап өтті. Сондай-ақ мәселе шешілмесе, аудан тұрғындары e-Otinish электрондық өтініштер сервисі арқылы жаппай шағым түсіруі мүмкін екенін ескертті.
«Алматы жылу жүйесі» мекемесі не дейді?
Әлеуметтік желідегі пікірлерде «Алматы жылу жүйесі» өкілдері ыстық су сапасының уақытша нашарлауы жылу көзінен жылу тасымалдағышты өшіріп-қосу жұмыстарына байланысты болуы мүмкін екенін түсіндірді.
Мекеме өкілдерінің мәліметінше, үйдің элеваторлық торабында тұнба жинағыш, яғни ірі тазарту сүзгісі орнатылуы тиіс. Осыған байланысты ПИК немесе мүлік иелері бірлестігі (МИБ) тұнба жинағыштың жағдайын тексеріп, үйдің ішкі жылу жүйесін жуу жұмыстарын жүргізуі қажет.
Әзірге тұрғынның шағымынан кейін мәселенің нақты қашан шешілетіні туралы ақпарат берілмеген.