Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыда түсірілім кезінде 47 адам уланған: кінәлілер қатаң жазаланады

Бақытжан Мұса · · 277 қаралым
Алматыда түсірілім кезінде 47 адам уланған: кінәлілер қатаң жазаланады

Өткен жылдың желтоқсан айында Алматыда оңтүстіккореялық сериал түсірілімі кезінде төтенше жағдай орын алып, пойыз вагонында иістен уланған 47 адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Tengri Travel-ге сілтеп хабарлады.

Сенат кулуарында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев оқиғаға кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдайға жылу жүйесі істен шыққан жекеменшік вагон себеп болған. Вагон іші суық болғандықтан, оған қолдан жасалған жылыту құрылғысы орнатылып, сол құрылғыдан бөлінген иіс адамдардың улануына әкелген.

Министрдің сөзінше, тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Вагон иелерінің заңбұзушылыққа жол бергені анықталған және олар тиісті жазаға тартылады. Қазіргі таңда вагон пайдаланудан шығарылған.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 11 желтоқсанда Алматы-1 станциясында түсірілім барысында қатысушылар бірнеше сағат бойы суық вагонда болған. Соның салдарынан олар иістен уланып, жаппай медициналық көмекке жүгінген.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы – «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалпы 47 адам зардап шеккен, оның ішінде балалар да бар. Оқиға орнына бірнеше жедел жәрдем бригадасы жіберіліп, зардап шеккендер қалалық ауруханаларға жеткізілді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp