Алматыда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін кең ауқымды мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шаралар қаладағы басты алаңдар мен мәдени нысандарда өтеді, деп жазады qandastar.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
26 желтоқсан күні сағат 19:00-де Абай алаңында "Алматы әуендері" шығармашылық ұжымы жаңа жылға арналған "Кел, Жаңа жыл!" атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынады. Концерт барысында отандық эстраданың танымал жұлдыздары Дәлел Уәшев, Өктем Алтаев, Димаш Дәулетов, Тахмина Әшімбекова, "Музарт life" тобы, Ерік Төленов, Асхат Тарғын, Лара Рысбай, DARO, Інжу Әнуарбек, Ғарифа Игісінова, Бейбітгүл Нұрымхожина және Абик Жексен көпшілікке кеңінен танымал хит әндерді орындайды. Бағдарлама барлық жастағы көрерменге арналған.
27-28 желтоқсан күндері 18:30-20:00 аралығында Абай алаңында жаңа жылдық гала-концерт өтеді. Мерекелік кеште ұлттық өнер мен заманауи музыканың үйлесімін ұсынатын ерекше бағдарлама көрермен назарына ұсынылады. Сахнада:
- "Алатау" дәстүрлі өнер театрының артистері;
- Тоқтар мен Бейбіт;
- "Меломан" тобы;
- Қуандық Рахым;
- "Ұлытау" тобы;
- Қосқанат пен Гаухар;
- "КешYOU" тобы;
- Ұланғасыр Қами;
- Әсет Есжан өнер көрсетеді.