Алматыда Almaty SuperSki тау шаңғысы кластерінің құрылысы белсенді кезеңге өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазіргі уақытта аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстары басталып, қажетті жабдықтарды дайындау қатар жүргізіліп жатыр. Жоба бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd компаниясының директорлар кеңесі отырысын өткізіп, онда Almaty SuperSki жобасының іске асырылу барысын талқылады.
Компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтің айтуынша, құрылыс алаңындағы жұмыстар қарқын алған. Атап айтқанда, француздың POMA компаниясымен бірлесіп аспалы жолдардың іргетасын құю басталды. Сонымен қатар болашақ көтергіштерге қажетті жабдықтар курорттың техникалық талаптарына сай әзірленіп жатыр.
Жобаға қазақстандық кәсіпорындар да тартылуда. POMA мамандары жергілікті өндірушілердің мүмкіндіктерін бағалап, аспалы жолдардың жекелеген құрылымдық бөлшектерін шығаратын отандық компанияны таңдаған. Өнімдер еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай болуы керек. Бұл қазақстандық өнеркәсіпке жаңа технологияларды енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Курорттың сәулеттік келбеті мен туристік инфрақұрылымын әзірлеуге де халықаралық компаниялар қатысады. Мәселен, швейцариялық Blumer-Lehmann базалық және жоғарғы стансалардың ағаш тірек конструкцияларын жобалау, өндіру және монтаждау жұмыстарын техникалық сүйемелдеумен айналысады.
Ал таудағы туристік ауылдың тұжырымдамасын даниялық Bjarke Ingels Group әзірлейді. Жобаға тау шаңғысы курорттарын жоспарлау саласында тәжірибесі бар канадалық Ecosign компаниясы да тартылған.
Үкімет отырысында Almaty SuperSki құрылысының уақытылы жүргізілуіне ерекше назар аударылды. Олжас Бектенов жауапты тұлғаларға құрылыс қарқынын жеделдетіп, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жоспар бойынша Almaty SuperSki тау шаңғысы курорты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосылуы тиіс. Жобаның орындалу барысы екі аптадан кейін өтетін директорлар кеңесінің келесі отырысында тағы да қаралады.