Алматыда жаңбыр мен найзағайға байланысты коммуналдық қызметтер дайындық жұмыстарын күшейтті. Қалада қолайсыз ауа райының салдарын жедел жою үшін 70 бригада, 252 арнайы техника, 48 мотопомпа және 18 ассенизаторлық машина әзірленді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Сонымен қатар ықтимал су басу жағдайларына арналған 2,4 мың қап құм дайындалды.
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 1 қазан күні кешке Алматыда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жауын-шашын 2 қазанға қараған түні және таңертең де жалғасуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді деп болжануда.
Кезекші бригадалар су жиналуы ықтимал учаскелерді бақылауда ұстайды. Коммуналдық қызметтер жауын-шашын салдарынан туындауы мүмкін жағдайларға жедел әрекет етуге дайын.