Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыда жасырын патруль қауіпті маневр жасаған екі жүргізушіні жауапқа тартты

Бақытжан Мұса · · 74 қаралым
Алматыда жасырын патруль қауіпті маневр жасаған екі жүргізушіні жауапқа тартты

Алматыда жасырын патруль қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған екі жүргізушіні жауапқа тартты. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап Qandastar.kz хабарлады.

Полицияның мәліметінше, оқиға түнгі уақытта Әл-Фараби даңғылы мен Сейфуллин даңғылының қиылысында тіркелген. Арнайы белгісі жоқ қызметтік автокөлікпен патрульдеу жүргізген әкімшілік полиция қызметкерлері BMW және Toyota маркалы көліктердің жүргізушілері жолақтарды ретсіз ауыстырып, қауіпті маневр жасағанын анықтаған.

Тәртіп сақшылары екі көлікті де тоқтатып, жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырды. Сонымен қатар заң талаптарына сәйкес көліктер мамандандырылған айып тұрағына жеткізілді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, жасырын патрульдеу жол қозғалысы қауіпсіздігін қасақана елемейтін және өзге жүргізушілерге қауіп төндіретін құқық бұзушыларды анықтау мақсатында жүргізіледі.

Еске салайық, биыл 21 наурызда Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында адам өліміне әкелген ірі жол апаты болған еді. Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында қаза тауып, Zeekr жүргізушісі ауруханаға жеткізілген болатын.

Осы оқиғадан кейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жол апатының алдында көлік жарысы ұйымдастырылғаны жөнінде мәлімдеме жасап, оған полиция қызметкері қатысқан болуы мүмкін екенін айтқан еді. Кейін бұл оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp