Алматы қаласында жол инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарды дамыту аясында Алатау ауданындағы бес жер учаскесі мемлекет қажетіне сатып алынады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, үш жер телімі 150 орындық жаңа оңалту орталығының құрылысына бөлінеді. Бұл учаскелер Мөңке би көшесінің оңтүстігі мен Фариза Оңғарсынова көшесінің шығыс бөлігінде орналасқан. Аталған нысанды жүзеге асыру үшін жерлерді сатып алу жұмыстары 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс.
Бұдан бөлек, Алатау ауданының Боралдай шағын ауданында жол салу жобасы аясында тағы екі жер учаскесі мемлекет меншігіне өтеді. Бұл жобаның да жүзеге асу мерзімі 2027 жылдың соңына дейін белгіленген.
Қаулыда жер иелеріне қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтемақы төленетіні көрсетілген. Ал жер телімдеріне қатысты сұрақтар бойынша меншік иелері Алматы қаласы, Төле би көшесі, 155 мекенжайындағы әкімдікке жүгіне алады.