Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыда жыл басынан бері мас күйде 224 қылмыс жасалған

Бақытжан Мұса · · 153 қаралым
Алматыда жыл басынан бері мас күйде 224 қылмыс жасалған

Жыл басынан бері Алматыда алкогольдік масаң күйде жасалған 224 қылмыс тіркелді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Алматы қаласының полициясы алкогольдің әсерінен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатыр. Осыған байланысты тәртіп сақшылары алкоголь өнімдерін сататын дүкендердің иелері мен сатушыларына заң талаптарын түсіндіріп, талаптарды бұзған жағдайда көзделген жауапкершілік жөнінде ескерту жүргізуде.

Кезекті профилактикалық іс-шара Алматы қалалық полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы мен Алмалы аудандық полиция басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Кездесу барысында алкоголь өнімдерін өткізу тәртібін сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.

Полицияның мәліметінше, биыл қалада алкогольдік масаң күйде жасалған 224 қылмыстың 97-сі қасақана ауыр дене жарақатын салу деректерімен байланысты.

Алматы қалалық полиция департаменті Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Жандос Кавлиевтің айтуынша, мас күйінде жасалған әрбір қылмыс ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарымен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды алкогольді жауапкершілікпен тұтынуға, оның салдарын ескеруге және құқық бұзушылыққа алып келуі мүмкін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp