Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыдағы 58 оқушы уланған мектептің директоры ауысты

Малика Хамит
Алматыдағы 58 оқушы уланған мектептің директоры ауысты

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) басшылық ауысты, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұған дейін 58 оқушының жаппай улану дерегі тіркелген білім ордасын енді Алмаз Күнғожин басқарады.

Мектеп әкімшілігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, Мейірлан Мейірбек директор қызметіндегі жұмысын аяқтаған. Оның орнына Алмаз Күнғожин тағайындалған.

Оқиға 12–14 қазан аралығында болған. Сол кезде мектеп-интернатта білім алатын балалар арасында жедел ішек инфекциясының белгілері байқалып, барлығы 58 оқушы ауруханаға жатқызылған. Кейін олардың барлығы ем қабылдап, үйлеріне шығарылды.

Тексеру барысында мектеп асханасындағы тағам үлгілерінен микробтық ластану белгілері, ал ас блогының төрт қызметкерінен алтын түсті стафилококк анықталған. Осыдан кейін асхана мен мектеп-интернаттың жұмысы 60 тәулікке тоқтатылды.

Аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, санитариялық-эпидемиологиялық тергеу басталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp