Алматыдағы «Байсат» базары электронды аукцион арқылы сатылды. Нысан 24,77 млрд теңгеге бағаланып, сатып алушы оны осы бастапқы бағамен иеленді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Аукцион 7 тамызда Sauda электронды сауда алаңында өтті. Саудаға бір ғана қатысушы тіркеліп, нысанды 24 772 753 285 теңгеге сатып алды. Жаңа иесінің аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.
Базарды сату бұған дейін бірнеше рет ұйымдастырылған. Алтыдан астам ай ішінде нысан алты рет саудаға шығарылып, оның бағасы 24,7 млрд пен 28,6 млрд теңге аралығында белгіленген. Алайда алдыңғы аукциондарда, тендерлерде және конкурстарда сатып алушы табылмаған.
«Байсат» – Алматыдағы «Барахолка» аумағында орналасқан ірі сауда орындарының бірі. Базарда негізінен тұрмыстық тауарлар, ыдыс-аяқ, шаруашылық заттары және ойыншықтар сатылады.
Бұған дейін «Байсат» базары Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған.