Алматы қаласының Жетісу ауданындағы М. Беспақов көшесінде жол мен инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жұмыстар қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жүргізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Аталған мәселені тұрғындар 2026 жылдың маусым айында қала әкімінің жеке қабылдауында көтерген болатын. Кәріз жүйесі мен сапалы жол жабынының болмауы көшедегі ондаған отбасының күнделікті тұрмысына қиындық келтірген.
Мердігермен арадағы сот процесіне қарамастан, жөндеу жұмыстары демеушілердің қолдауымен аяқталды.
Жоба аясында көшеге 345 метр су бұру желісі тартылып, үш кәріз құдығы орнатылды. Сонымен қатар шамамен 30 тұрғын үйге инженерлік желілер жеткізіліп, жолдың асфальт жабыны толық қалпына келтірілді.
Нәтижесінде Беспақов көшесінің тұрғындары жаңартылған инженерлік инфрақұрылым мен жөнделген жолды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Жоспарланған жұмыстардың барлығы орындалды.