Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыдағы дәмханада ірі өрт шығып, 600 шаршы метр аумақты шарпыды

Бақытжан Мұса · · 130 қаралым
Алматыдағы дәмханада ірі өрт шығып, 600 шаршы метр аумақты шарпыды

Алматы қаласында орналасқан дәмханалардың бірінде ірі өрт шықты. Оқиға туралы хабар 19 маусым күні кешкі уақытта төтенше жағдайлар қызметінің 112 пультіне түскен.

Өрт Жетісу ауданындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер ғимараттың ашық жалынға оранғанын анықтады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар жоғары дәрежелі шақырту бойынша жұмыс жүргізген. Өртті сөндіру кезінде мамандар жарылыс қаупінің алдын алу үшін қауіпті аймақтан бес газ баллоны мен екі оттегі баллонын сыртқа шығарған.

Өрттің жалпы аумағы шамамен 600 шаршы метрді құрады. Жедел әрекеттің арқасында тілсіз жау толықтай сөндіріліп, жалынның көрші нысандарға таралуына жол берілмеді.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp