Қазақстанда мефедрон өндірумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Ресейден елге қайтарылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ол қылмыстық әрекетін Алматы қаласында және Қазақстанның өзге де өңірлерінде жүзеге асырған.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бастап ақшаға мұқтаж адамдарды қылмыстық іске тартып, оларға психотроптық заттарды өндіру, тасымалдау, өлшеп-орау және тарату міндеттерін жүктеген. Топ мүшелерінің әрекеті Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестіріліп отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылы күдіктінің нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Сол зертханалардың бірінде психотроптық заттарды өндіру кезінде екі адам ауыр химиялық улануға ұшырап, көз жұмған.
Алайда бұл жағдайдан кейін де қылмыстық топтың әрекеті тоқтамаған. Ұйымдастырушы жаңа адамдарды тартып, заңсыз қызметін жалғастырған.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірінің жұмысын тоқтатты. Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, арнайы жабдықтар, қорғаныш құралдары және дайын өнім тәркіленді.
2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей Федерациясының аумағында ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол елге экстрадицияланып, қазіргі уақытта тергеу изоляторына қамалды.
Күдіктіге тағылған айыптар бойынша оның мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.