Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары жаппай ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Тексеру кезінде асханадан санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды.
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде ішек инфекциясын жұқтырған балалардың саны 48-ге жетті. Денсаулық сақтау министрлігі оқиғаның себептерін анықтау үшін тексеру жүргізіп, мектеп пен асханаға қатысты шектеу шараларын енгізді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, мектептің тамақтану блогын тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру талаптары сақталмаған.
Тексеру нәтижесінде бес қаулы шығарылды. Мектеп пен асхананың қызметін уақытша тоқтата тұру, кейбір тағамдарды сатуға тыйым салу және тиісті құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қою шаралары қарастырылған. Сондай-ақ интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілді.
Мамандар инфекцияның таралу себебін анықтау үшін су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар алып, асхана қызметкерлерін тексеріп жатыр. Зертханалық зерттеулер әлі жалғасуда.
14 қазандағы жағдай бойынша, инфекция жұқтырған 48 баланың барлығы ауруханаға жатқызылған. Қазір олардың жағдайы тұрақты. Реанимациялық көмекке мұқтаж науқастар жоқ. Ауру жұқтырғандармен байланыста болған адамдар дәрігерлердің бақылауына алынды. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланған.
Тексеру материалдары тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қазір мамандар инфекцияның нақты себебін анықтап, аурудың жаңа жағдайларының алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр.