Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыдағы өрт: зардап шеккендерге қандай көмек беріледі?

Малика Хамит
Алматыдағы өрт: зардап шеккендерге қандай көмек беріледі?

Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен кейін зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Қайғылы оқиғадан соң аудан әкімдігі зардап шеккендер мен қаза тапқандардың жақындарына қолдау көрсету жұмыстарын қолға алды.

Әкімдіктің мәліметінше, өрт салдарынан баспанасы бүлінген 9 адам уақытша қонақүйге орналастырылған. Сонымен қатар оларға заңгерлік көмек көрсетіліп, жоғалған немесе бүлінген құжаттарын қалпына келтіруге жәрдем беріліп жатыр.

Ал қаза тапқандардың отбасыларына да қажетті қолдау ұйымдастырылған. Аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, марқұмдарды жерлеу рәсіміне қатысты шығындар мен ұйымдастыру жұмыстарын өз мойнына алған.

Қазіргі уақытта оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіріп, тұрғындарға шұғыл қажет көмектің көрсетілуін бақылауда ұстап отыр.

«Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасы үшін осындай ауыр кезеңде оларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда», – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Ал өрттің неден шыққаны және оқиғаның өзге де мән-жайы әзірге белгісіз. Қазір құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тиісті қызметтер оқиға орнында жедел режимде жұмыс істеуде.

Бөлісу: Telegram WhatsApp