Алматы қаласының орталығындағы көлік жүктемесін азайту мақсатында университеттерді, ауруханалар мен мемлекеттік мекемелерді қала маңына көшіру ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Юлия Кучинская көтерді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Депутаттың пікірінше, ірі мекемелерді қаланың шетіне орналастыру көлік қозғалысын жеңілдетіп, орталыққа қатынайтын адамдар ағынын азайтады. Сонымен қатар қала маңында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Юлия Кучинская жаңа тұрғын үй кешендерін пайдалануға бермес бұрын қажетті инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету керектігін айтты. Оның ұсынысы бойынша, тұрғындар жаңа үйлерге қоныстанғанға дейін жақын маңда мектептер, емханалар мен жолдар салынып, инженерлік коммуникациялар жүргізілуі қажет.
Сондай-ақ депутат Алматы мен оның маңындағы елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту үшін жылдам жүретін қала маңы электр пойыздарын іске қосуды ұсынды.