Мазмұнға өту
qandastar.

Алматыдағы жоқ пәтерді «жалға берген»: Ақтөбеде туған әпкелі-інілі ұсталды

Малика Хамит · · 39 қаралым
Алматыдағы жоқ пәтерді «жалға берген»: Ақтөбеде туған әпкелі-інілі ұсталды

Ақтөбеде интернет арқылы пәтер жалдаймын деген бірнеше тұрғын алаяқтардың арбауына түскен, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Күдіктілердің 33 жастағы әйел мен 24 жастағы ер адам — туған әпкелі-інілі екені анықталды.

Полиция мәліметінше, олар танымал интернет платформаға Алматыдағы пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландыру жариялаған. Жарнамаға басқа пәтердің фотосуреттерін жүктеп, нарықтан тиімді баға ұсынған.

Жазғы демалыста Алматыға баруды жоспарлаған ақтөбеліктер хабарландыруда көрсетілген нөмірге қоңырау шалған. Күдіктілер өздерін пәтер иесі ретінде таныстырып, алдын ала төлем жасауды талап еткен.

Нәтижесінде жәбірленушілерден 10 мыңнан 55 мың теңгеге дейін ақша аудартқан. Қаражат түскен соң байланысқа шықпай қойған.

Қазір полиция төрт жәбірленушіні анықтады.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдіктілердің Ақтөбе тұрғындары екені белгілі болған. Полиция бөліміне жеткізілген әпкелі-інілі өз кінәсін мойындаған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.

Полиция азаматтарға интернеттен пәтер жалдау кезінде сақ болып, баспананы тексермей тұрып алдын ала төлем жасамауға кеңес береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp