Алматының Наурызбай және Алатау аудандарының бір бөлігінде бірнеше күнге табиғи газ беру уақытша тоқтатылады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Төле би көшесін ұзарту жобасы аясында диаметрі 520 мм және 720 мм болатын жоғары қысымды газ құбырларын қайта орналастыру жұмыстары жүргізіледі.
Осыған байланысты 27 шілде сағат 09:00-ден 31 шілде сағат 18:00-ге дейін Момышұлы көшесі, Абай даңғылы, Строительная көшесі, Мөңке би көшесі және Фариза Оңғарсынова көшелерімен шектелген аумақта табиғи газ уақытша берілмейді.
Жауапты мекеме тұрғындарды уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, қажетті дайындық жұмыстарын алдын ала жасап қоюға шақырды.