Астанада «AMANAT» партиясының Саяси кеңесінің отырысы өтті. Жиынды Мәжіліс төрағасы әрі партия төрағасы Ерлан Қошанов басқарды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Кездесу барысында партия өкілдері еліміздегі реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін барлық саяси күштер мен қоғам өкілдерінің бірлесіп жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
Саяси кеңес мүшелерінің пікірінше, Президент бастамаларын қолдау және ауқымды өзгерістерді іске асыру үшін саяси партиялар, азаматтық қоғам, сарапшылар қауымдастығы, ғылым, білім, мәдениет, бизнес және жастар өкілдерінің күшін біріктіру маңызды.
«AMANAT» партиясы Президент реформаларын іске асыруда әрдайым алдыңғы қатарда екенін және елдегі өзгерістерді қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Отырысқа Саяси кеңес пен Бюро мүшелері, Орталық аппарат басшылығы, сондай-ақ аймақтық филиалдардың төрағалары мен хатшылары қатысты.