Мазмұнға өту
qandastar.

ӘМСҚ: 140 мыңға жуық қазақстандық емханаларға жалған тіркелген

Бақытжан Мұса · · 13 қаралым
ӘМСҚ: 140 мыңға жуық қазақстандық емханаларға жалған тіркелген

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) 140 мыңға жуық қазақстандықтың емханаларға заңсыз тіркелгені туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Қор басқармасының төрайымы Гүлмира Сәбденбектің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі заңбұзушылықтардың басым бөлігін қордың мамандары жоспарлы бақылау барысында анықтап, материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған.

Оның сөзінше, қордың басты мақсаты – анықталған заңбұзушылықтарды жасырмай, әрбір расталған дерекке құқықтық баға берілуін қамтамасыз ету, мемлекетке келтірілген шығынды өтеуге ықпал ету және мұндай заңсыз әрекеттердің қайталануына жол бермеу.

ӘМСҚ мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында жалпы сомасы 4,5 миллиард теңгеге бағаланған заңбұзушылықтарға қатысты 72 материал құқық қорғау органдарына тапсырылған. Соның нәтижесінде 27 қылмыстық іс тіркеліп, алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 3,7 миллиард теңгені құрады.

Салыстыру үшін, 2025 жылы жалпы құны 630 миллион теңге болатын 73 материал жолданып, олардың негізінде сегіз қылмыстық іс қозғалған.

Қор өкілдері анықталған заңбұзушылықтардың көбеюі құқықбұзушылықтардың артқанын білдірмейтінін атап өтті. Олардың айтуынша, бұл бақылау жүйесінің күшеюі, талдау құралдарының жетілдірілуі және әрбір фактіге мұқият құқықтық баға берілуінің нәтижесі.

Сонымен қатар ӘМСҚ қаржылық бақылау тәсілін жаңартып жатыр. Бұрын заңбұзушылықтар медициналық ұйымдарға қаражат аударылғаннан кейін анықталса, енді негізгі басымдық төлем жасалғанға дейін күмәнді жағдайлардың алдын алуға берілмек.

Осы мақсатта Qalqan ІТ-платформасы, алаяқтыққа қарсы автоматтандырылған жүйе және тәуекелдерді талдауға негізделген алгоритмдерді қамтитын бірыңғай цифрлық қаржылық бақылау экожүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде.

Сондай-ақ азаматтар өз атына қандай медициналық қызметтердің рәсімделгенін тексеріп, іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер анықталған жағдайда бұл туралы тиісті органдарға хабарлай алады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp