Вьетнамда ұсталған қазақстандық азамат елге жеткізілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол өткен жылдың қарашасында анасына пышақпен бірнеше рет соққы жасады деген күдікке ілінген.
Тергеу мәліметінше, оқиға күдіктінің үйінде болған. Ол алкогольдік масаң күйде анасымен сөзге келіп, жанжал соңы пышақ қолдануға ұласқан.
Оқиғадан кейін күдікті жауапкершіліктен қашу үшін Қазақстаннан кетіп, іздеуге жарияланған. Кейін жедел-іздестіру шаралары барысында оның Вьетнамда жүргені анықталды.
Маусым айында ер адам Дананг қаласында ұсталды. Қазақстанның Бас прокуратурасы, ІІМ Интерполының Ұлттық орталық бюросы және Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің көмегімен оны елге экстрадициялау рәсімі жүргізілді.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында. Егер кінәсі дәлелденсе, оған үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.