Мазмұнға өту
qandastar.

«Әншілер – шайтанның азаншысы»: ҚМДБ даулы мәлімдемеге қатысты үн қатты

Малика Хамит · · 467 қаралым
«Әншілер – шайтанның азаншысы»: ҚМДБ даулы мәлімдемеге қатысты үн қатты

Алматыда өткен тойлардың бірінде айтылған «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұндағы пікір әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қоғамда түрлі көзқарас қалыптастырды.

Осы жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды

порталы.

ҚМДБ діни насихаттың негізі даналық пен көркем мінез болуы керектігін атап өтті. Басқарма өкілдерінің айтуынша, қандай да бір діни мәселеге байланысты өнер адамдарын жаппай айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру ислам қағидаттарына сай келмейді. Сондай-ақ әйелдерді қорлайтын немесе ар-намысына тиетін сөздер айту да орынсыз екені айтылды.

Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес
делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Діни басқарма исламда адамды азғындыққа, арсыздыққа немесе шариғат тыйым салған әрекеттерге шақыратын әндер құпталмайтынын еске салды. Алайда мазмұны тәрбиелік мәнге ие, Отанды қорғауға, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін әндерге рұқсат берілетіні жөнінде ислам ғалымдарының пікірі бар екенін жеткізді.

Сондай-ақ ҚМДБ азаматтарды діни мәселелерде әлеуметтік желідегі жеке пікірлерге емес, ресми діни қызметтегі білікті мамандардың түсіндірмесіне сүйенуге шақырды.

Ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз
деп мәлімдеді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Бөлісу: Telegram WhatsApp