Мазмұнға өту
qandastar.

Ақмола облысында жыраға түсіп кеткен көліктен 86 жастағы қария табылды

Бақытжан Мұса
Видеодан скрин
Видеодан скрин

Ақмола облысында жоғалып кеткен 86 жастағы зейнеткерді полицейлер жол жиегіндегі жырадан тауып, туыстарына аман-есен тапсырды. Қария ВАЗ-2107 көлігімен жолға шығып, жол-көлік оқиғасына ұшыраған, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.

Оқиға Сандықтау ауданының Шантөбе кентінде болған. Жалғыз тұратын Анатолий Захарович өз көлігімен жолға шыққанымен, жолда автокөлігі жыраға түсіп кеткен. Егде жастағы ер адам көліктен өздігінен шыға алмай, жақындарына хабар беруге де мүмкіндігі болмаған.

Келесі күні қарияның байланысқа шықпағанына алаңдаған туыстары аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері мен оның жақындары жұмылдырылды.

Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеп, зейнеткердің қозғалыс бағытын анықтаған. Нәтижесінде сол күні жол жиегіндегі жыраға түсіп кеткен автокөлік табылып, оның ішінен жоғалған қария анықталған.

Осылайша, 86 жастағы ер адам туыстарымен аман-есен қауышты. Қарияның немересі полицейлерге жедел әрекеті мен көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіріп, автокөлікті жырадан шығаруға да көмектескендерін атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp