Ақмола облысында түн ішінде тұрғын үйге басып кіріп, адамдарды қарумен қорқытып, 4 миллион теңгеден астам мүлікті қолды еткен үш ер адамның ісі қайта қаралады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Кассациялық сот олардың әрекетін тонау емес, қарақшылық ретінде бағалау мәселесін көтерді.
Оқиға түнгі уақытта болған. Үш ер адам бетперде киіп, тұрғын үйге заңсыз кірген. Олар үйдегілерге күш қолданып, аңшылық мылтықтың шолақ ұңғысымен қорқытып, ақша мен бағалы заттарды талап еткен.
Қаскөйлер 4 миллион теңгеден астам соманың мүлкін иемденіп қана қоймай, үйдегі өзге адамдарды жертөлеге қамап кеткен.
Бір қызығы, бұған дейін сот айыпталушылардың әрекетін тонау деп саралап, үкім шығарған. Алайда Бас прокуратура мұндай құқықтық бағаға келіспей, кассациялық наразылық енгізді.
Прокуратураның пайымдауынша, жәбірленушілер қарумен төнген қауіпті өз өмірі мен денсаулығына нақты қатер ретінде қабылдаған. Ал қарудың оқталған-оқталмағаны немесе оның техникалық жағдайы туралы мәліметтердің болмауы қылмысты қарақшылық деп тануға кедергі емес.
Кассациялық сот прокуратураның уәждерін негізді деп таныды. Нәтижесінде бұрынғы сот актілерінің күші жойылып, қылмыстық іс қайта қарауға жіберілді.