АҚШ Қорғаныс министрлігі әскери базалардағы мұздатқыштардың істен шығуын ықтимал кибершабуыл ретінде қарастырып жатыр. Оқиға салдарынан азық-түлік бұзылған, ал тергеушілер Франциядағы ұқсас жағдайды зерттеп, жергілікті құқық қорғау органдарымен байланыс орнатқан. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Reuters агенттігінің мәліметінше, тамыз айының соңында АҚШ аумағындағы кемінде алты әскери дүкенде (комиссариатта) мұздатқыштар істен шыққан. Кейбір нысандарда салқындату жүйесінің температурасы түн ішінде көтеріліп, таңертең азық-түліктің жарамсыз болғаны анықталған.
Мәселен, Аризона штатындағы Форт-Уачука әскери базасының Facebook парақшасында 26 тамызда мұздатқыштың еріту режиміне ауысып, ішіндегі азық-түліктің бұзылғаны туралы хабарлама жарияланған.
АҚШ әскери тергеушілері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қорғаныс министрлігіне қарасты Киберқолбасшылық ведомствоаралық құрылымдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Ал АҚШ армиясының Қылмыстық тергеу бөлімі француз құқық қорғау органдарымен байланысып, Еуропадағы салқындату жүйелеріндегі ақауларды зерттеуге қатысуда.
Францияда да осы айдың басында ұқсас жағдай тіркелген. Кибершабуыл салдарынан 350-ден астам сауда нысанындағы тоңазытқыш жабдықтардың температураны бақылау жүйесі бұзылған. Кейбір мұздатқыштардағы температураның шамадан тыс көтерілуі азық-түліктің бүлінуіне әкелген. Алдын ала бағалаулар бойынша, Франциядағы шығын ондаған миллион еуроға жетуі мүмкін.
Reuters мәліметінше, зардап шеккен құрылғылардың бір бөлігінде ескірген бағдарламалық жасақтама қолданылған болуы ықтимал. Бұл хакерлердің жүйеге заңсыз қол жеткізуін жеңілдетуі мүмкін. Дегенмен АҚШ-тағы әскери базаларда қандай өндірушілердің контроллерлері пайдаланылғаны әзірге анықталмаған.
Қазіргі уақытта АҚШ-тағы мұздатқыштардың істен шығуына нақты кибершабуыл себеп болғаны немесе оған кімнің қатысы бар екені ресми түрде расталған жоқ. Мамандар мұндай оқиғалар азық-түлік сақтау жүйелерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жеткізу тізбегіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.