Мазмұнға өту
qandastar.

АҚШ Қазақстанның егемендігін әрдайым қолдайды – Трамп

Малика Хамит
АҚШ Қазақстанның егемендігін әрдайым қолдайды – Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Ақ үй басшысы екі ел арасындағы серіктестіктің нығайып келе жатқанын атап өтіп, желтоқсанда өтетін G20 саммиті аясындағы кездесуді асыға күтетінін жеткізді.

Құттықтау жеделхатында Дональд Трамп соңғы бір жылда Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың кеңейгеніне тоқталған. Оның айтуынша, тараптар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерінде бірлесе жұмыс істеп, екі елге де тиімді коммерциялық келісімдерге қол жеткізген.

АҚШ президенті Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қолдайтынын да ерекше атап өтті. Оның сөзінше, 1991 жылы Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқылардың бірі болып емес, бірінші болып АҚШ таныған.

Сондай-ақ Трамп америкалық компаниялардың Қазақстанның экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқанын айтып, екі ел арасындағы достық пен серіктестік ұзақ жылдар бойы жалғасатынына сенім білдірді.

«Желтоқсан айында өтетін G20 саммиті аясындағы кездесуді асыға күтемін», – деп жазды Дональд Трамп.

Мемлекет басшысының атына жолданған құттықтау жеделхаты Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыстар мен экономикалық ынтымақтастықтың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp