Мазмұнға өту
qandastar.

АҚШ соты Трамптың саябақты 15 айға жабу жоспарын тоқтатты

Бақытжан Мұса
Pari Dukovic/National Portrait Gallery, Smithsonian Institution
Pari Dukovic/National Portrait Gallery, Smithsonian Institution

АҚШ-тың федералдық судьясы Вашингтондағы Ист-Потомак қоғамдық саябағын жөндеу жұмыстарына байланысты жабу жоспарын уақытша бұғаттады. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп саябақты 15 айға жауып, оның аумағында кәсіби гольф алаңын салуды ұсынған, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.

АҚШ округтік сотының судьясы Ана Рейес федералдық үкіметке саябақты жексенбіден бастап жабуға тыйым салатын шешім шығарды. Судья әкімшіліктің саябақты жабуға келтірген себептерін негізсіз деп бағалап, үкіметтің кемінде екі федералдық заңды бұзғанын атап өтті.

Судьяның айтуынша, саябақты Вашингтон тұрғындары күнделікті пайдаланады. Сондықтан оны белгісіз мерзімге жабу қоғамның мүддесіне қайшы келеді. Сонымен қатар, гольф алаңдарының жұмысын тоқтату саябақты көпшілік үшін жабуға негіз бола алмайтынын жеткізді.

Дональд Трамп 18 қазанда әлеуметтік желідегі жазбасында саябақты 15 айға жабу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Оның ұсынысы бойынша, аумақтағы жалпы саны 36 шұңқырдан тұратын үш гольф алаңының орнына халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін бір 18 шұңқырлы чемпионаттық алаң салынуы тиіс.

Жоба жүзеге асқан жағдайда саябақта US Open және Ryder Cup сияқты ірі халықаралық турнирлерді өткізу көзделген. Сонымен қатар, гольф алаңы көпшілік үшін ашық болады деп жоспарланған.

Алайда тарихи мұраны қорғаумен айналысатын ұйым бұл жобаға қарсы сотқа шағым түсірген. Ұйым өкілдері қайта құру жоспары федералдық заңдар мен тарихи нысандарды қорғау талаптарына қайшы келеді деп санайды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp