Мазмұнға өту
qandastar.

АҚШ-та Нидал Хасанның өлім жазасын тікелей эфирде көрсету жоспарланып отыр

Бақытжан Мұса 26 қаралым
АҚШ-та Нидал Хасанның өлім жазасын тікелей эфирде көрсету жоспарланып отыр

АҚШ Қорғаныс министрлігі 2009 жылы Форт-Худ әскери базасында 13 адамды өлтірген Нидал Хасанның өлім жазасын тікелей эфирде көрсету жоспары бар екенін мәлімдеді. Егер бұл жоспар жүзеге асса, АҚШ-та әскери қызметкерге қатысты өлім жазасын тікелей эфирде көрсету бұрын-соңды болмаған оқиға болмақ. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, дейді Qandastar.kz.

56 жастағы бұрынғы әскери психиатр Нидал Хасан 2013 жылы қасақана кісі өлтірудің 45 дерегі және кісі өлтіруге оқталу бойынша кінәлі деп танылып, өлім жазасына кесілген. 2009 жылғы шабуыл кезінде ол Техас штатындағы Форт-Худ әскери базасының медициналық орталығында оқ атқан.

Reuters мәліметінше, Хасанды ату жазасына кесу 2026 жылғы 3 желтоқсанға жоспарланған. АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі тікелей эфирге қатысты қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын айтқан. АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет те бұл жоспарды әлеуметтік желідегі жазбасында растаған.

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет өлім жазасын көпшілікке көрсету қажеттігін айтып, мұндай әрекеттердің ауыр салдары бар екенін қоғам түсінуі керек деген пікір білдірген. Ал әскери құқық саласының мамандары өлім жазасын тікелей эфирде көрсетудің құқықтық және этикалық қырларына назар аударған.

АҚШ әскери заңнамасына сәйкес, әскери қызметкерге қатысты өлім жазасын орындау үшін президенттің мақұлдауы қажет. Reuters хабарлауынша, президент Дональд Трамп Хегсеттің ұсынысы бойынша Хасанға қатысты үкімді орындауға рұқсат берген.

АҚШ-та ату жазасы соңғы рет әскери жүйеде 1945 жылы қолданылғаны айтылады. Ал 1961 жылы әскери өлім жазасы асу арқылы орындалған. Қазіргі уақытта АҚШ-тың бірқатар штатында ату жазасын орындауға арналған арнайы топтар бар.

Бөлісу: Telegram WhatsApp